Түркі мемлекеттері ұйымы өзара өнеркәсіптік және цифрлық
кооперацияны арттыруға ниетті. Астанада өткен бизнес-форумда тиісті
меморандумдарға қол қойылды. Ұйым елдерінің іскер топтары, сауда-өнеркәсіп
палаталары мен инвестициялық құрылымдарының өкілдері көлік және логистика,
өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және цифрландыру жобаларын талқылады. Атап
айтқанда, бизнес өкілдерін нарықты талдауды, жеткізу тізбектерін құруды және серіктестер
іздестіруді автоматтандыратын бірыңғай платформа құру қызықтырады. Бұл өзара
сауда көлемін ұлғайтуға көмектеспек. Өткен жылдың қорытындысы бойынша
Қазақстанның Түркі елдерімен тауар айналымы шамамен 13 млрд долларға жетті.
Мұрат Қарымсақов, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының
басқарма төрағасы:
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша біздің елдеріміздің
тауар айналымы 36 % астам өсті, бұл жақсы көрсеткіш. Түркі елдерінің Қазақстан
Республикасының экономикасына тікелей инвестициялары артып келеді. 2025 жылдың
қорытындысы бойынша бұл шамамен жарты миллиард доллар көлеміндегі қаражатқа
жетті. Түрік капиталы туралы айтатын болсақ, соңғы 20 жылда бұл елдің бір
өзінің салған инвестициялары 6 млрд доллардан асты.
Қатысушылар әлемдегі логистикалық тізбектердің
трансформациялануы Орта дәліздің ықпалын еселеп, Түркі елдері арасындағы
кооперацияны дамыта түсетінін айтады. Сол себепті, инфрақұрылымды өзара
сәйкестендіруге және кедендік рәсімдерді жеңілдетуге назар аударылады. Бұл ұйым
елдері арасындағы экономикалық интеграцияны едәуір арттырады. Қазақстан Түркия
мен Ұйымның өзге де мүшелеріне Қытай және Азия-Тынық мұхиты нарықтарына шығу
мүмкіндігін ұсынады. Біздің республика үшін Түркия арқылы еуропамен сауда
жүргізу маңызды.
Адем Кула, Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының бас хатшысы:
- Еуразиялық өңір, әсіресе Қазақстан – цифрлық
экономикасы ең озық дамыған ел ретінде ерекше маңызға ие. Сіздердің елдеріңіз
бай ресурстар қорына ие бола отырып, оны
тек шикізат күйінде игермей, өндірістік және технологиялық орталыққа айналуды
көздейді, осылайша, ол әлемдік деңгейдегі ірі хабқа айналуға ұмтылып отыр.
Біздің алдымызға қойған басым мақсатымыз - түркі мемлекеттері арасындағы еркін
сауда туралы келісімді жүзеге асыру және бажсыз сауда жүргізу үшін барлық кедергілерді
жою.

