Қазақстан кезекті рет Израиль билігінің Қатарда жасаған әскери әрекетіне
қатысты ұстанымын білдірді. Оны Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Дохада Араб-Ислам
саммитіне қатысқан ел Парламенті Мәжілісінің төрағасы жеткізді. Алқалы жиында Ерлан
Қошанов халықаралық қақтығыстарды реттеу бойынша мемлекетіміздің ұстанымдарын
ортаға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев Газадағы әскери әрекеттерді дереу тоқтатуға
және оның тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге тұрақты түрде шақырып
келеді. Бұл үрдіс биыл штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі
жөніндегі Ислам ұйымы арқылы да жалғасты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
– Қазақстан Израильдің Қатар Мемлекеті аумағындағы әскери іс-әрекетін қатаң айыптайды. Бұл ұстанымды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғашқы болып мәлімдеп, Қатар мемлекетіне табанды қолдауын білдірді. Жасалған шабуыл қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Бұл Қатар Мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді. Осындай шабуыл мемлекеттің қауіпсіздігіне ғана емес, халықаралық тәртіптің негізін басшылыққа алатын мемлекеттердің теңдігі мен егемендігіне де нұқсан келтіреді.

