Қазақстан 2029 жылға қарай экспорт көлемін 45 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Бұл ретте терең өңделген өнімдерге ден қойылмақ. Тек биылдың өзінде шартарапқа шикізаттық емес тауарлар тасымалын 6%-ға ұлғайту межеленген. Нәтижесінде сыртқы нарықтарға жалпы құны 37 млрд доллардан асатын өнім жетеді деп күтілуде. Үкіметте сала басшысы алыс-берістің жаңа бағыттарын атады. Мәселен, орта мерзімді әлеуетте Аспан асты еліне экспортты екі жарым есеге кеңейту көзделген. Сонымен қатар ТМД, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Кәрі құрлық қазақстандық өнімдермен толықтырудың жолдары пысықталуда.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
-ЕАЭО және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша қарқынды жұмыс жасалуда. Шекара маңындағы сауданың қажетті инфрақұрылымы құрылуда. Таяу Шығыс елдерінде сұранысы жоғары тоңазытылған қой еті, құс еті және субөнімдер сияқты тауарларды жеткізуді ұлғайту пысықталуда. Сондай-ақ экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеуге дайын Еуропалық Одақ нарықтары да басым бағыт болып саналады.