Астанада Орталық Азия елдерінің цифрлық саудасын жетілдіруге бағытталған жобалар таныстырылды. Стартаптар жәрмеңкесі Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия сынды он мемлекеттің сала өкілдерінің басын қосты. Сондай-ақ, жиынға электронды коммерция бағытында әлемдік алпауыт «Alibaba» сауда тұғырнамасы сынды компаниялар қатысты. Яғни, үздік жоба авторлары әлеуетті инвесторлармен кездесіп, әріптестік орнату мүмкіндігін алды. Қазақстанның онлайн сауданы дамытуға арналған шешімдері көптің қызығушылығына ие болды. Жалпы отандық стартапшылар осы бағытта онға тарта инновациялық әзірлеме ұсынды.
Мәди Тәжікенов, «Astana Hub» халықаралық қатынастар және инвестициялар кеңсесінің
директоры:
-Бұл жерде енді ғана қолға алынған жаңа бастамалармен қатар, сырт нарықтарға шыққан жобалар бар. Мәселен, «ADU 24» жобасы қазір Гонконгта сәтті жүзеге асуда. Сондай-ақ, өзіміздің «Hero Training» бағдарламасының түлегі « TrustMe» жобасы АҚШ-та таныстырылды. Осындай әлем нарқының сұранысына ие жобаларымыз көп. Сондықтан бұл бағытта Қазақстанның жетістіктерін кеңге насиғаттай алатын озық жобаларды іріктеп алдық.
Нармин Рахимли, Әзербайжанның экономика министрлігі департаментінің маманы:
- Аstana Hub-та стартаптарға жасалған жағдайлар мен ондағы экожүйе көптеген елдерге
үлгі болу керек деп санаймын. Біз бұл бағытта Бакуде «Apple орталық» ашу мақсатында Аstana Hub-пен әріптестік
құруға ниеттіміз. Ол негізінен ғимаратты жабдықтау, оқыту және бағдарламау,
сондай-ақ әзірлеушілердің құралдарына қол жеткізуге қатысты.