Қ.Тоқаев Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының жағдайымен танысты

Қ.Тоқаев Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының жағдайымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен жеке танысты. Мемлекет басшысының жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден басталды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қызыл су 500-ден астам тұрғын үй мен 400-ден астам саяжай теліміне зиян келтірді. Қарғын су басқан аумақтардан шамамен 7000 тұрғын көшірілді. Зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Су тасқынына қарсы шараларға 2000 адамға жуық, Алматы және Маңғыстау облыстарынан құтқарушылар, 332 техника, сонадай-ақ тікұшақ жұмылдырылды.

Президент су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан Қаратөбе ауданындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанын айтып, шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады

Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады. Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке тиісті тапсырма берді.