Қазақстан әлемдік энергетика нарығындағы ірі ойыншылардың
бірі. Бұл туралы «Қазақпарат» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында
«Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек
Магнесс атап өтті. Оның айтуынша, бұл Қазақстанға өңірде де, әлемде де
тұрақтандырушы рөл атқаруға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, 30
жылдан астам уақыт ішінде «Шеврон» Қазақстан экономикасының аса ірі шетелдік
инвесторына айналды. Корпорация Теңiз және Қарашығанақ кен орындарын бірлесіп
игеру жөнiндегi жобаларды iске асырады.
Дерек Магнесс, «Шеврон» корпорациясының
Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры:
- Қазақстанның әлемдік энергия жүйесіндегі өңірлік те жаһандық
та рөлі орасан зор. Біз Каспий құбыр
концорциумы арқылы тасымалдайтын мұнайдың, келешекте Қытайға немесе көрші
елдермен серіктестік аясында жіберуге болатын газдың маңызы айрықша. Осы орайда
әлемдік энергия жүйелерінде Қазақстан өңірлік қана емес, сондай-ақ жаһандық
ауқымдағы рөлді атқарады.
Қазақстанның энергетикалық әлеуеті газ кеніштерін де қамтиды.
Дерек Магнесстің айтуынша, бұл ресурс көміртегі ізінің аздығы есебінен болашақ
әлемдік энергия теңгерімінің негізгі элементінің біріне айналады. Бұл фактор
елдің энергетикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, әлемдік нарықтардағы
бәсекелестікте көмектеседі. «Шевронның» еуразиялық бөлімшесінің басқарушы
директоры геосаяси тұрақсыздық жағдайында ұзақ мерзімді серіктестіктің маңызына
тоқталды, болжам бойынша 2050 жылға қарай сұраныс кем дегенде 10%-ға өседі.
Дерек Магнесстің пікірінше, Қазақстанда инвесторлар үшін тұрақты жағдай
жасалған, тіпті, үкіметпен тікелей диалог орнату мүмкіндігі бар.
Дерек Магнесс,«Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры:
- Бұл тұрақтылық жыл санап нығайып келеді, мұның бәрі ел
басшылығының және оның әлемдік қоғамдастықпен өзара іс-қимылындағы дәйекті ұстанымының
жемісі. Тұрақтылық бар жерге сауда ағындары бағытталады. Орта дәліз тауарлар
мен қызметтерді - өндірушіден тұтынушыға, өндіріс орындарынан сұраныс жоғары
нарықтарға тасымалдау мүмкіндігін ұсынады. Қазақстан үшін бұл табиғи
ресурстармен қатар өз экономикалық әлеуетін, қолда бар қуаттары мен еңбек
резервтерін барынша ұтымды қолданудың тамаша мүмкіндігі.

