Қазақстанда каналдар мен су қоймалары күрделі жөндеуді талап етеді. Ал су ресурстарын басқаруды автоматтандыру жүйесі кешіктірілмеуі керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлім етті. Ол елімізде суды тұтыну 2040 жылға қарай 56 процентке өсуі мүмкін екенін, ал су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше километрге жететінін жасырмады. Аталған мәселелерді ескере отырып үкімет басшысы, министрліктерге бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде, су дипломатиясы бойынша нақты позицияны әзірлеу және үкіметаралық комиссия аясында елдің мүддесін ескере отырып, жұмыс істеудің маңыздылығын атады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
– Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, суару тәсілдеріне қарай су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияларды саралау мәселесін пысықтасын. Ұлттық экономика министрлігі Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерімен бірлесіп, суармалы жерлердің 1 гектарына емес, суаруға кеткен судың көлемі үшін ақы енгізу мәселесін пысықтасын. Бұл суды тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов, әкімдіктерге суды тиімді пайдалану мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Және су шаруашылығы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру бойынша жол картасын уақтылы іске асыру қажеттігін алға тартты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
– Каналдар мен су қоймаларының меншік иелері өз міндеттерін нақты орындайтын болса, жөндеу жұмыстарына және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру маңызды. Сонымен қатар суармалы суды тиімді бөлу керек. Әкімдіктер суды көп қажет ететін дақыл алқаптарын қысқарту үшін фермерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Суармалы суға тарифті қайта қарап, оны барынша ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды.