Сараптамалық жасанды интелект, мейрамхана, маркетплейс,
бизнес пен заңгерлік қызмет түрлері. Astana Hub-та Орталық Азиядағы цифрлық
кеңістікті дамытуға бағытталған Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен бастамасы
– Market Entry Accelerator бастамасының Demo Day шарасы өтті. Көрші елден
арнайы келген қатысушылар өз өнімдерін таныстырды. Өзбекстандық 10 стартап екі
ай бойы Қазақстан нарығында цифрлық шешімдерін сынақтан өткізіп, алғашқы
сатылым жасады. Астаналық технопарк өкілдері қазақстандық мамандардың Өзбекстан
нарығында да дәл осындай тәжірибе жинақтап жатқанын айтты. Бағдарлама жаңа
жобалардың кең таралуына, екі ел арасындағы технологиялық ынтымақтастықты арттыруға
мүмкіндік беріп отыр.
Ербол Ахметов,
Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры:
- Екі жақтың өзара келісімімен өзбекстандық стартаптар Market Entry
тәсілімен Қазақстанға еніп, өз өнімдерін біздің нарықта
байқап көре алады. Сондай-ақ, керісінше біздің тарапқа да өзбек мемлекеті дәл
осындай мүмкіндік ұсынды. Қазір біздің 10 стартап жоба көрші елдің нарығын
зерттеп көріп жатыр. Тек Өзбекстан ғана емес. Бізде стартаптарды қолдауға
бағытталған арнайы бағдарлама бар. Оның аясында Қырғызстан, Тәжікстан,
Монғолия, Әзірбайжаннан стратаптар келді. Біз олардың барлығына өз жобасын
дамытуға көмектесеміз.
Demo Day қатысушыларының
арасында Tuzuk заңгерлік жасанды интеллект платформасы дараланды. Жаңа қызмет
қысқа уақыт ішінде Өзбекстан нарығының белді қатысушысына айналып, мыңдаған
заңгерлер мен компанияларға көмек көрсеткен. Сонымен қатар, платформаның
әмбебап алгоритмі бұл қызмет түрін кез-келген мемлекетке лайықтауға мүмкіндік
береді. Жүйе Қазақстанның заңнамалық базасына кіріктірілді. Осылайша, ол алдағы
уақытта бір мезетте бірнеше ел заңнамасына лайық шешімдер ұсынып, Орталық Азияда
салалық зерделер жүргізуге мүмкіндік береді.
Асқар Жұманов,
(PHD) Аі-Tuzuk негізін қалаушы:
- Өзбекстанда заңнамалық қызмет нарығы шамамен 100
миллион долларды құрайды, ал Қазақстан нарығы бұдан 2,5 есе үлкен. Сондықтан Legal
Tech жобасы үшін Қазақстан өзге елдерге қарағанда аса тартымды. Біздің
болашақтағы мақсатымыз барша Орталық Азияны қамтып, әлемнің басқа елдеріне
таралсақ дейміз. Біз алдағы уақытта жақын көршілеріміз Ресей мен Әзірбайжан
нарығына енуді жоспарлапа отырмыз.

