Қазақстан 82 елмен визасыз режим орнатты

Қазақстанға шетелдік туристтердің ағыны артуда. Салалық министрлік бұл тың үрдіске бірқатар әлем елдерімен визасыз режимнің енгізілуінің септігі барын айтады. Мәселен, аспан асты елімен 14 күнге дейін екі жақты барыс-келісі жеңілдетілгелі Қытайдан келушілер саны 20 есеге ұлғайған. Өзара екі аптаға дейін арнайы рұқсат құжатынсыз болу мүмкіндігін үндістандық туристерде қалт жібермеуде. Олардың қатары үш есеге артқан.  Айта кетейік, бүгінде 82 елдің азаматтары үшін визасыз режим қолданылады. Әлемнің 117 мемлекеті үшін электронды визалар енгізілді. Қазақстан аумағындағы 12 халықаралық әуежайда «ашық аспан» режимі жұмыс істейді. Бұның бәрі елімізге шетелдік  саяхатшыларды тарту қамы.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі: 

- Ресми статистикаға сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, ішкі туристер саны 9,6 млн адамды құрады. Орналастыру орындар арқылы қызмет көрсетілген шетелдік туристер саны 17% немесе 150 мыңға артып, шамамен 1,1 млн адамды құрады. Орналастыру объектілері 229 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 46 млрд теңгеге артық.