Жаңа Конституцияда
меншіктің барлық түрін тең қорғауды бекіту ұсынылды. Қолданыстағы Ата заңда меншіктің тек екі түрі
ғана көзделген – мемлекеттік және жекеменшік. Ал заманауи экономистер кемінде
5-6 меншік түрін бөліп көрсетеді, - дейді мәжілісмен Азат Перуашев. Оның
айтуынша, Финляндия, Литва, Латвия, Әзербайжан елдерінің конституцияларында
муниципалдық меншік түрі көрсетілген. Ал
Қытай, Бразилия, Үндістанның
негізгі заңында оларға кооперативтік меншік қосылған. Инвестиция тарту, жайлы
бизнес климат үшін кез келген экономикадағы меншік мәртебесі аса маңызды
рөл атқарады. Сондықтан, депутат ұсынысты орынды деп санайды.
Азат Перуашев,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
- Жаңа Конституция жобасының 8-бабының 1-тармағын келесі редакцияда баяндауды ұсынамын: «Қазақстан Республикасында меншіктің барлық түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады». Бұл норма экономиканың дамуына, бизнес, қоғам және мемлекет арасындағы қатынастардың күшеюіне оң ықпал етіп, барлық меншік түрін қолдау мен қорғауды білдіреді.
Негізгі заңның
жаңа жобасын қоғам қызу талқылап жатыр. Қолданыстағы Ата заңда әркімнің еңбек
ету бостандығына құқығы бар екені жазылған. Еліміздің кәсіподақтар федерациясы бұл
норманы «лайықты еңбек» сөзімен толықтыруды ұсынып отыр. Федерациясының
төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл ұстаным Халықаралық еңбек ұйымының
талаптарына да сай келетінін алға тартады.
Сатыбалды
Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Конституциялық комиссия
мүшесі:
– «Лайықты еңбек» деген сөз бұл
лайықты еңбек ақы. Екінші лайықты еңбек қауіпсіздігі. Қазіргі таңда таңертен
аман-есен жұмысқа кеткен адам, кешке аман-есен үйіне қайту керек. Сондықтан
біздің ұстанымымыз осы. Конституциямызға осы норманы кіргізген жағдайда бұл
жұмысшы халқы үшін, азаматтар үшін үлкен констииуциялық тірек болады деп
ойлаймын.

