Қазақстан 2024 жылы саяхаттауға болатын үздік 24
елдің қатарына енді. Бұл тізімге елімізді жиһанкездерге арналған британдық
Wanderlust журналы қосқан. Басылым редакторлары алыс сапарларды жоспарлау үшін
жыл сайын әлемнің ең үздік және қызықты дестинацияларын іріктейді. Жалпы,
бейінді ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның тұмса табиғаты мен бай
тарихи-мәдени мұрасы және қонақжайлылығы көптің көзайымына айналып келеді.
Мәселен, былтыр Саты ауылы дүниежүзіндегі үздік туристік ауыл деген атақ
иеленді. Ал, биыл The New York Times нұсқасы бойынша Алматы қаласы үздік 52
туристік бағыттың қатарына енді. Сонымен қатар, Италияның белді салалық журналы
Шымбұлақты ТОП-5 тау шаңғысы дестинациясы деп таныған. Бұған қоса осы жылы
«Алтын-Емел» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енді, ал, «Kazakhstan Like
Never before» ролигі Еуропадағы кинофестивальде үздік атанды. Сарапшылар келесі
жылдары да еліміздің бұл бағыттағы беделінің артуына әлеует жеткілікті екенін
айтады.