Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті. Республиканың барлық аймақтарында қайырымдылық шаралары өткізіліп, су тасқынына қарсы күрескен еріктілер мен құтқарушыларға құрмет көрсетілді. Еліміз бойынша достыққа үндейтін түрлі мерекелік жәрмеңкелер мен тақырыптық кездесулер ұйымдастырылды. Мәселен, Қарағанды ​​өңірінде халық табиғи апаттан зардап шеккендерге ауызбіршілігін тағы бір танытты. Шет ауданына қажетті жүк тиелген керуен жөнелтілді.


Вилен Молотов-Лучанский, Қарағанды облысының ҚХА төрағасының орынбасары:

-Қазір жағдай күрделі. Ел бір адамдай жұмылып су тасқынының салдарымен күресіп жатыр. Қазақстанның Президенді айтқандай, бұл аса қиын кезде халықтың жарасқан бірлігі мен ауызбіршілігі танылады. Дәл қазір осы алаңнан бұның енді бір жарқын көрінісі ретінде  50 мың тонна жүк тиелген гуманитарлық көмек жолға шықты.

 

Алматыда да Қазақстан халқының бірлігі күнін қайырымдылық жәрмеңкесі және гастрофестивальмен атап өтті. Республика алаңында елде  танымал он шақты мейрамхана түрлі ұлттардың тағамдарын ұсынды. Қазақ, түрік, ұйғыр және армян халықтарының тағамдарын ерекше атап өтуге болады. Барлық түскен қаражатты ұйымдастырушылар су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жібермек.

 

Долкунтай Абдулхалил, Ұйғыр республикалық этно-мәдени орталығының төрағасы:

- Президентіміз айтқандай: “Бірлік бар жерде, тірлік бар”. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып осындай мейрамдарда достығымызды күшейтетін болсақ, біз үлкен жетістіктерге жетеміз.