Қазақстанда металлургиялық шлакты қолдана отыра жол салу мүмкін болмақ. Бұл өңдеу технологиясын отандық ғалым Александр Акбердин Астанада өткен дәстүрлі инновациялар конкурсында ұсынды. Маманның сөзінше, металлургиялық өндірістердегі қауіпті қалдықтар көп болғандықтан, оларды жол құрылысына арналған қиыршық тасқа айналдыруға болады. «Жоба жүзеге асырылған жағдайда жол қабатының сапасы артып, жарамдылығы ондаған жылдарға жетеді. Осы арқылы тек экономикаға ғана емес, экологияға да келер пайдасы орасан зор», – дейді ғалым.
Александр Акбердин, Ж. Әбішев атындағы химия-металлургия институтының лаборатория меңгерушісі:
– Біз жол құрылысында асфальтті алмастыруды ұсынып отырмыз. Әйтпесе әр жарты жыл, ұзаққа барғанда 3 жылда жөндеу жүргіземіз. Ал біздің ұсынып отырғанымыз 80 жыл тапжылмай жатады. Біз осы мақсатымызға қайтсек те жетеміз. Бетонды жолды салуда цементті шлакқа алмастырған өте дұрыс болады.
Жиында ұсынылған инновациялық шешімдер мұнымен шектеліп қалған жоқ. Арасында көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және еліміздің қиын климаттық және гидрогеологиялық жағдайын ескере отыра жол салу технологиясына қатысты жаңашылдықтар көрсетілді.
Арман Алибаева, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының президенті:
– Қыста жолдағы қармен қалай күресу керек деген сұрақ барлығымызды мазалайды. Бұл үшін климаттық аудандарға бөліну арқылы жасалған карта жасау мен өңірлерде қыста жолды қалай күтіп ұстауды қарастыратын нормативтік құжат әзірлеу ұсынылуда. Сонымен қатар экологияны жақсарту үшін көптеген жаңашылдықтар ұсынылды. Бұл тұрғыда біздің ғалымдар өте белсенді. Бүгін конкурста көрсетілген жұмыстардың барлығы ары қарай зерттеліп, өңделіп, біздің жол саламызға енгізіледі.