Қазақ тілін үйрену үшін өте қарапайым әрі тиімді кітапты қоғам қайраткері
Глеб Пономарев жазған. Ол кәдімгі оқулықтардан айырмашылығы, ереже мен
жаттығуларды баяндаудың орнына, автордың шынайы өмірі мен жеке бақылауларынан
мысалдар келтіре отырып, тілдің ерекшеліктерін түсіндіруді қамтиды. Басылым 86
беттен тұрады және қазақ тілін үйренушілер жиі кездесетін 12 негізгі тақырыпты
қамтиды - оның ішінде айтылым, ерекше дыбыстар, септіктер және сингармонизм
заңдары бар. Кітап барлығына қолжетімді және тегін. Автордың айтуынша, бұл оның
тілді дәріптеуге қосқан үлесі.
Глеб Пономарёв, «Гілекемен қазақ тілі» кітабының авторы:
- Мен үшін қазақ тілін үйрену ұзақ, қиын жол болды. Әрине мектепте үйрендім, бірақ онда тек белгіленген тәртіппен, ережемен түсіндірілді. Маған ол түсініксіз болды. Сондықтан өз еркіммен үйренуді қолға алдым. Қандай да бір курстар іздедім, бірақ, өкініштісі, ол жерлерде де дәл сол мектептегі жағдай қайталана берді. Мен бірнеше тілді білемін, сол себепті лингвист ретінде бұл кітапта қазақ тілін егжей-тегжейлі талдап, баршаға ортақ, жеңіл түрде тілді үйренуді түсінікті жеткізе алдым. Мен қазақ тілін үйренгісі келетін қазақстандықтарды қолдау ретінде бар білгеніммен бөлісуге бел будым. Бұл – менің жеке азаматтық бастамам.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

