Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің ұлттық
энергетикалық жүйенің орнықтылығына арналған отырысын өткізді. Жиында
Энергетика министрі, Су ресурстары және ирригация министрі және бірқатар
мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады. Президент энергетикалық
қауіпсіздік еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық орнықтылығын қамтамасыз
ететінін атап өтті. Бүгінде Қазақстанның электр қуатын өндіруге қажетті
ресурстары жеткілікті. Дегенмен сұраныстың ұдайы артуы қуат көздерін ұтымды әрі
оңтайлы пайдалануды талап етеді. Кеңесте отандық электр қуатын қажеттілікке
қарай икемдеп өндіру мәселесі қозғалды. Мемлекет басшысының айтуынша, аграрлық
секторға, өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларына су үнемдеу
технологияларын кеңінен енгізу маңызды. Жиын соңында Үкіметке және өңір
әкімдеріне мәселелерді жан-жақты шешу тапсырылды.

