Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

Қатар Қазақстан аумағында жалпы құны 20 млрд доллардың 9 инвестициялық жобасын жүзеге асырады. Сенат бұған мүмкіндік беретін қос ел арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту қамында ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді мақұлдады. Олардың дені энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталмақ. Мәселен қатарлықтар Қашағанда газ өңдеу зауыттарын салумен қоса «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысын аяқтауды және «Қостанай-Ақтөбе» магистральды газ құбырын жаңадан тартуды межелеген. Сондай-ақ, араб түбегі инвесторлары Қызылорда өңірінде және Ертіс өзеніннің бойында электр станцияларын тұрғызуға қаржы құяды. Бұдан бөлек, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірін сатып алмақ. Байланыс операторының бірі де катарлықтардың қолына өтеді. 

Бибігүл Аққожина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Келісім шеңберінде Қазақстан Республикасы стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттемелерден босату, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында көзделген салықтық жеңілдіктер беретін болады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Келісім біздің еліміздің аумағында Қатар мемлекетімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында әзірленген. Ынтымақтастық аясында телекоммуникация, энергетика, көлік, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы мен қаржы салаларына басымдық берілетін болады. Жалпы заңның қабылдануы экономикамыздың дамуына және екі ел арасындағы әріптестіктің одан әрі нығаюына оң септігін тигізеді деп сенеміз.

Автор - Жеңіс Ермұқанов