Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші отырысының қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар трансұлттық компанияның басшыларымен жеке кездесу өткізді. Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсонмен Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын тезірек аяқтау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар Chevron корпорациясының тікелей инвестиция салатын қорының қызметі талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанның Канададағы құрметті консулдары – канадалық Cameco уран компаниясының президенті Тимоти Гитцель және Condor Petroleum компаниясының президенті Дон Стрюмен әңгімелесу кезінде Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы сөз болды. Атап айтқанда, Cameco компаниясының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі уран компаниясының жұмысы мен алдағы жоспары жөнінде мәлімет берді. Ал Condor Petroleum компаниясының президенті сұйытылған табиғи газ өндіретін модульді зауыттар салу жоспары жөнінде айтты.