Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7%-ке артты. Елордаға инвестициялар ағыны да өсіп келеді. Жыл басынан бері елдің бас шаһарына шамамен 1 трлн 300 млрд теңге капитал тартылған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қаланың жалпы ішкі өнімінің көлемі 5 жарым трлн теңгеге жетті. Ал өңірлік өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 72% құрайды. Елорданы жұмыс сапарымен аралау барысында Премьер-Министрге қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндалды. Олжас Бектенов индустриялық парк аумағында орналасқан металлургия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, автомобиль,теміржол машинасын жасау салаларының дамуымен танысты. Кәсіпорындардың бірінде телекоммуникация жабдықтары шығады. Зауытта бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуден бастап дайын өнімді жинауға және орауға дейін өндірістің толық циклі жүзеге асырылады. Бұл компания шетелдік нарыққа шығуды көздеп отыр. Оның ішінде Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Араб елдері бар. Олжас Бектенов импортқа тәуелділікті азайту және жоғары технологиялық өнімнің экспортын ұлғайту мақсатында жағдай жасау үшін мұндай өндірістердің маңызын атап өтті.
Жеңіс Ермұқанов.

