«Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары 2024 жылдың 9 айында 41
млрд теңгеден астам салық төледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 млрд-қа
артық. Жалпы орталық іске қосылғалы бері ел бюджеті 126 млрд теңгеге толықты. Инвестицияға келетін болсақ, орталық
Қазақстанға шамамен 6 трлн теңге тартты. Мұндай мәліметтерді АХҚО-ның
сарапшылары ұсынды. Айта кету керек, бүгінде қаржы орталығында әлемнің 80
елінен 3 мың 300-ден астам компания тіркелген. Олардың жартысына жуығы
негізінен Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінен. Бұдан бөлек республиканың
қолайлы географиялық орналасуы мен тартымды инвестициялық ахуалы жыл сайын жаңа
ірі ойыншылардың қызығушылығын тудыруда. Олардың арасында жетекші қаржы
компаниялары, әлемдік криптовалюталық биржалар, кәсіби қызмет көрсетушілер,
өңірлік даму банктері және басқалары бар.
Жанна Диярова, АХҚО департаментінің директоры:
- АХҚО - бұл бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлармен құрылған ерекше
юрисдикция. Әңгіме тек қаржы компанияларына арналған салықтық артықшылықтар
туралы ғана емес. Біз қазір ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген реттеуші
базаның заңдық құрамдас бөлігі туралы айтып отырмыз. Сондай-ақ, компаниялар
тәуелсіз сот жүйесіне байланысты біздің юрисдикциямызды таңдайды. Бізде
өзіміздің тәуелсіз сотымыз бар - АХҚО халықаралық соты, Төрелік орталық, оған
қоса, мысалы, республиканың юрисдикциясында құрылуы мүмкін емес құрылымдық
өнімдерді жасауға мүмкіндік бар.
Әсел Күшенғалиева