Қазақстан Қытайға экспорт көлемін арттыруға ниетті. Еліміз құны 1,6 млрд долларды құрайтын 180 өнім түрін жеткізуге дайын. Негізінен, металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салаларының бұйымдарын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Қазақстан Үкіметінің басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьерімен келіссөздер барысында осылай мәлімдеді. Олжас Бектенов пен Ли Цян өзара қарқын алған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Биыл 9 айда екіжақты сауда көлемі америкалық валютада 33 млрд долларды құрады. Агроөндірістік кешен саласындағы өзара тауар айналымы 6%-ке жуық артқан.
Осыған байланысты тараптар Аспан асты елінің нарығына шығу үшін жаңа отандық салалық кәсіпорындарды аккредиттеу мүмкіндігін талқылады. Екі жақты логистика секторының да болашағы зор. Мәселен контейнер тасымалы саласында Сианда қазақстандық логистика орталығының ашылуы «Қытай-Еуропа-Қытай» бағыты бойынша транзиттік жүк тасымалын бірден 24 есеге дейін өсуіне ықпал етті. Ал Орта дәліз бойынша тасымалдау көлемі былтырғы көрсеткіштерінен 23% асып, 3 жарым млн тоннаға жуықтады. 2030 жылға қарай жүк тасымалының көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Өткен жылы тауар айналымы 32% өсті. Жоғары деңгейдегі қойған тапсырмаға сәйкес біз алдағы уақытта өзара сауданы екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Шынайы достық және өзара сенімге негізделген қазақ-қытай қатынасының тарихы тереңде жатыр. Біздің сауда инвестиция, білім, мәдениет ғылым және технология сияқты түрлі салаларды қамтитын мәңгілік, жан-жақты стратегиялық әріптестігіміз әрі қарай тереңдей түсуде.
Ли Цян Премьер, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері:
– Қытай мен Қазақстан – ежелден тату көрші, бізді 1700 шақырымнан асатын ортақ шекара байланыстырып жатыр. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде біздің тату көршілік, достық, құрмет пен теңдік рухында өзара тиімді ынтымақтастық құрылды. Екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен соңғы жылдары біздің қарым-қатынасымыздың жаңаша тынысы ашылып, тұрақты әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне жетті.
Жеңіс Ермұқанов.