Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару келесі маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысы барысында айтты. Өз сөзінде президент «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен оның ұлттық компанияларының рөлін мысалға келтірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті:
– Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ мерзімді шетелдік инвесторларды теңге түріндегі тәуелсіз облигацияларға тартудың өзектілігін атап өтті. Президент қазіргі құбылмалы жағдайда инвестициялар мен ресурстар үшін бәсекелестік күшейеді деді. Оның айтуынша, инвесторлар корпоративтік басқару қағидаттары жоғары деңгейде сақталатын, заң үстемдік ететін және халықаралық құқыққа негізделген алаңдарды іздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті:
– Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет. Ол үшін халықаралық депозитарийлермен өзара тығыз ықпалдастық орнату керек. Мұндай жағдайда реттеушілік режим мен халықаралық құқыққа негізделген АХҚО алаңы тартымды болады. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлары бар әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Айта кетейік, бүгін елордада Астана» халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен Astana Finance Days халықаралық конференциясы басталды. Шара 3 күнге созылады. Онда 29 мемлекеттің өкілдері онлайн және оффлайн түрде қатысуда.