Қасым-Жомарт Тоқаев: Туымыз жер жүзіне бірлік пен бейбітшіліктің байрағы ретінде танылды

Рәміздер күніне орай, Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Құрмет қарауылы ротасының бастығы салтанатты шараға дайындығы жөнінде Мемлекет басшысына рапорт бергеннен кейін, еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көкте желбіреді.

Көк ту тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауына айналған қасиетті нышан. Мемлекет басшысы Республика жалауы жер жүзіне бірлік пен бейбітшіліктің байрағы ретінде танылғанын атап айтты. Сонымен қатар, басты елдік нышандар сын сағатта да, жеңісті күндерде де барша азаматты біріктіретініне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін.

Мемлекеттік рәміздер күнінде жас сарбаздарға әскери шен тапсыру игі дәстүрге айналған. Бүгін де  жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстанның Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.