Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді. Император Нарухито Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары елдеріміз арасындағы байланыс тарихында елеулі уақиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты. Қазақстан Президенті сапар барысында Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды. Ол түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің біріне айналдырған император Мейджиге арналған. Кейін Президент Күншығыс елінде білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті. Мемлекет басшысы Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жапон тарапы бұл сапарға үлкен мән беріп отыр. Бүгін кешке Премьер-министрмен кездесемін. Бізді жақсы қарсы алып жатыр. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор болатынына ешқандай күмән жоқ.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының мүшелерімен кездесті. Мемлекет басшысы оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті. Еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Ал саяси диалог пен сауда-экономикалық, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға Күншығыс елінде өтетін «Орталық Азия - Жапония» саммиті ықпал етпек.
Қазақстан Президенті Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Мемлекет басшысы бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі екенін атап өтті. Жапонияны Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санайтынын жеткізді. Қазақстан 2004 жылы Күншығыс елімен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болғанын айта кету керек. Жапония Премьер-министрі Астана Токио үшін стратегиялық серіктес, онымен алдағы уақытта да тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеге және 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

