Мәжілісте Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексін таныстырды. Аталған құжатта Су ресурстарын тиімді пайдалануға, жинақ технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін қарқынды енгізуге басымдық беріледі.
Атап айтқанда, мұндай жүйелері жоқ шаруашылықтар мен зауыттар жаңа кодекс енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей оған көшу жоспарын ұсынуы тиіс. Сонымен қатар жаңа таныстырылымдағы кодексте тазартылған сарқынды суларға да ерекше назар аударылды. Соңғысы сумен жабдықтау көздерінің біріне айналуы және экономиканың барлық салаларында белсенді пайдаланылуы тиіс. Кодексте су ресурстарын сарқылусыз, ластанусыз және су объектілерінің бітелуінсіз пайдалануға ерекше назар аударылады.
Мысалы, Каспий теңізінде көмірсутектерді барлаудан немесе өндіруден, сондай-ақ, тұз және емдік балшық өндіруден басқа жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады. Жаңа Су кодексінің жекелеген ережелері елдің су саласына инвестициялар тартуды ынталандыруды және саладағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдауды көздейді.
Болат Бекнияз, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
– Жаңа Су кодексінде тазартылған сарқынды суларды пайдалану су заңнамасының негізгі міндеттерінің бірі ретінде көзделген. Осылайша, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жалпы таза су алуының 5,9 текше шақырымының 17% қайта пайдаланылады және бұл көрсеткішті біз 2030 жылға қарай 50% дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қолданыстағы редакцияда болмағандықтан, жаңа Су кодексінде Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері 6-бапта және экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі тетіктер 7-бапта айқындалған.