Ертең, 15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы
елдерінің көшбасшылары бейресми саммитке қатысады. Кездесу жасанды интеллект
пен цифрлық дамуға арналмақ. Тараптар технологиялардың экономикаға әсерін,
өңірлік интеграцияны күшейту және AI саласындағы бірлескен бастамаларды
талқылайды деп күтілуде. Саммит түркі мемлекеттері арасындағы стратегиялық
диалогты нығайтудың маңызды алаңына айналады. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Ұйым
аясындағы ынтымақтастық мәдени-тарихи тамырластық аясынан асып түсетінін атап өтті.
Мемлекеттер қазірдің өзінде ұйымға мүше елдердің құқықтық саласын өзара
үйлестіру үшін модельдік заң жобаларын әзірлеп, парламентаралық деңгейде
бірлескен жұмыс жүргізіп келеді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекет басшыларының саммитінде жасанды интеллект
проблемалары талқыланады. Бұл салада Қазақстанның айтарлықтай тәжірибесі бар. Бізде
сандық кодекс қабылданған, оны Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, ТүркПА-дағы
әріптестерімізге таныстырдық. Жасанды интеллект бойынша жеке заңымыз бар. Оны
әлемде алғашқылардың бірі болып жүзеге асырдық. Түптеп келгенде біз тіпті
Конституцияға да осы мәселелерді бекіттік. Меніңше, біздің бұл бағытта
айтарымыз көп.
Сарапшылар Түркі мемлекеттері ұйымы тарихи және мәдени
бірлестік болумен шектелмей, маңызды геоэкономикалық платформаға айналуда деген
пікірде. Бұл өзгеріс өңірдегі технологиялық даму мен білім беру үдерістеріне
тікелей ықпал етеді.
Бақыт Төлегенов, Maqsut Narikbayev University профессоры:
– Бізде оның ішінде, студенттік мобильдік тетігі, яғни,
студентік білім алмасу. Ол жақтың студенттері бізге келіп, білім алады. Біздің
студенттер ол жаққа барып, білім алады. Сонымен қатар профессорлар арасындағы
қазір мобильдіктен партнершипқа көшіп жатырмыз. Яғни, бұл тек бір семестр ғана
уақытқа шектелген емес, жалпы екі жақтың ресурстарын пайдалана отырып, ортақ
бір артықшылықтар қалыптастыру.

