Астанада Қазақстан-Иордания бизнес-форумы

Астанада Қазақстан-Иордания бизнес-форумы

Астанада Қазақстан Президенті мен Иордания Королінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Іс-шараға екі елдің іскер топтарының өкілдері жиналды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форум өзара серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Бүгінде Қазақстан өңірдегі экономикасы ең ірі ел. Биыл елдің жалпы ішкі өнімі 6%-дан астам ұлғайды. Республика көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға басымдық беріп келеді. Қазақстан арқылы он екі халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бұл бес темір жол және жеті автокөлік жолы еліміздің Еуразиядағы стратегиялық логистикалық хаб ретіндегі позициясын бекіте түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 млн тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек, Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда, Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иорданияның агробизнес саласындағы әлеуеті мол екеніне назар аударды. Бүгінде еліміз дүниежүзілік ірі астық экспорттаушылардың ондығына енеді. Жыл сайын 8 млн тоннадан аса бидай мен 2 млн тоннаға жуық ұн жаһандық нарыққа жеткізіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз Иорданияны жоғары сапалы, органикалық, халал және экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Біз Aljazeera Agricultural иорданиялық компаниясының елімізде құс фабрикасын салу жөніндегі бастамасын құптаймыз. Бұл жоба екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға жасалған нақты қадам болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын, цифрландыру мен фармацевтика өнеркәсібін өзара тиімді серіктестіктің басым бағыттарының бірі ретінде атады. Соңғы бағытта қос елдің де жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.

Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Біздің ел де өзінің дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдайтынын жеткізді. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?