Батыс мемлекеттердің Ресейге қарсы санкциялары көлік логистикалық жүйеге кері әсерін тигізгені анық. Осы ретте кәсіпкерлер жүктерді тасымалдаудың жаңа жолдарын белсенді түрде іздей бастады. Қазақстан, Әзербайжан және Грузия мемлекеттері бірлескен кәсіпорын құруға ниетті. Бұл бағыт жүк тасымалын едәуір жеңілдетіп, өтпелі тариф пен жүктерді декларациялау бойынша бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде «Әзербайжан темір жолы» бағыты арқылы Қазақстаннан мазут тасымалдауға кірісіп кетті.
Ильгар Велизаде, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының басшысы:
- Украинадағы ахуалдың тұрақсыздығына байланысты бүгінде бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы көлік тасымалын дамыту тұрғысынан тиімді болып отыр. Мұнда Қазақстан мен Әзербайжан елдері маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары бұл бағыт аясында фидерлік байланыс белсенді дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Аталған бағдарға тартылған кемелердің арасында таяуда іске қосылған «Түркістан» паромын айтуға болады. Бұл тасымалданатын жүк көлемінің артуына оң ықпалын тигізері анық.
Қазіргі таңда аймақ елдері транзиттік әлеуетке үлкен үміт артып отыр. Өткен жылы Транскаспий бағытымен контейнерлік тасымалдау көлемі екі еседен астамға өсті. Ал 2022 жылдың екі айында өсім 15% құрады.