Қасым-Жомарт
Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапары
аясында ел Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Түскі ас форматында өткен кездесу барысында
президенттер екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады. Мемлекет
басшысы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жылдан астам уақытта бауырлас
қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік және
берік мәдени-гуманитарлық байланыстар жолға қойылғанын атап өтті. Тараптар
өзара іс-қимылды, атап айтқанда сауда мен инвестицияларды тереңдетуге ниетті. Қасым-Жомарт
Тоқаевтың пікірінше, энергетика, көлік-логистика, металлургия, АӨК
салаларындағы жобаларды дамыту мәселесінде екі елдің мүдделері сай келеді. Өз
кезегінде Венгрия Президенті қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін
айтты.
Қасым-Жомарт
Тоқаев тағы бір маңызды кездесуді
Мемлекеттік жиналыс төрағасымен өткізді. Қазақстан
Президенті екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын
ерекше атап өтіп, Қазақстан
мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды
құптайтынын жеткізді. Мемлекет
басшысы білім беру және жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды
арттырудың маңыздылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер
халықаралық ахуал жөнінде пікір алмасып, Мажарстан Парламентінің ғимаратын
аралап көрді.
Қазақстан
Президенті мен Премьер-министр Виктор Орбан екіжақты
ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады. Келіссөздерде Қасым-Жомарт Тоқаев
Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. Бұл сапардың
басты мақсаты - қарым-қатынастарға серпін беру. Сонымен қатар тараптар
бірқатар маңызды уағдаластықтарға, соның ішінде Қазақстан-Мажарстан инвестициялық қорын
құру туралы уағдаластықтарға қол жеткізді. Жалпы, екі ел 6 құжатқа қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі елдің өзара тауар
айналымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен
салыстырғанда 9 пайызға артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 миллиард
долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 миллион доллар болатын
95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз.
Сонымен қатар екі ел делегациялары келіссөздер
кезінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің
әлеуетін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін
«KTZh Express», «L.A.C. Holding» және «Xi'an Free Trade Port Construction and
Operation» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ екі елдің халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастығының дамуын атап өтті. Қазақстан Президенті Мажарстан Премьер-министрінің Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына белсене қатысқанын және түркі интеграциясының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосып жүргенін ерекше бағалайтынын жеткізді. Өз кезегінде Виктор Орбан екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайту тұрғысынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарының маңызды екеніне назар аударды. Тараптар сапарды қорытындылай келе, өзара іс-қимылды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.
Әсел
Күшенғалиева

