Қаңтар оқиғасы: Президент алғашқы сұхбатын неге орыс тілінде бергенін түсіндірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» арнасына сұхбат берді. Оның барысында қаңтар оқиғасына қатысты алғашқы сұхбатын «Хабар» арнасына неге орыс тілінде бергенін түсіндірді.

«Бұл ешқандай кемсітушілік те, менсінбеушілік те емес. Көптеген арналар бұған дейін бірнеше рет сұхбат беруді сұраған. Мен олардың ешқайсысына келіскен жоқпын. Кейін тек «Хабар» арнасына ғана сұхбат беремін деп шештім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты. Оларға тоқтау салу керек болды. Бұл сұхбат ең алдымен әлем жұртшылығына Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпарат беру үшін жасалды. Содан кейін шетелдік БАҚ сұхбатымды жан-жақты таратып, барынша пайдаланды. Орыс тілі – БҰҰ-ның алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан ең алдымен оған өзіміз құрмет көрсетуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың барлығы лаңкестер ме? Президент жауабы

Жылдың басында болған қаңтар оқиғасы кезінде талай жанның өмірін жалмағаны рас. Ал енді олардың кінәлі-кінәсіз екендігін қалай анықтаймыз? Бұл сауалға Президент арнайы сұхбат барысында жауап берді.

Тілшінің: «Қаңтар қасіретіне келсек. Өкінішке қарай, көп адамның өмірін жалмады. Солардың бәрі лаңкес пе? Себебі басында адамдардың бәрі бейбіт шеруге шықты емес пе?» деген сауалына Мемлекет басшысы былай деп жауап қатты:

- Бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты. Тіпті наразылығын білдірді. Шынын айтсақ, ешқандай қирату, қылмыстық әрекет болған жоқ. Бірақ кейін жағдай мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың мақсаты бейбіт шеруге қатысу болған жоқ. Олардың шынайы мақсаты билікке шабуыл жасау болды. Бір сөзбен айтқанда, соңғы кезеңде алаңға нағыз лаңкестер шықты.

Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кеткен. Полиция әлі күнге дейін оның бәрін іздеп жатыр. Бірақ толық табылмады. Ол қарудан әлі де оқ атуы мүмкін. Сонда сұрақ: олар кімдер бейбіт шеруге шыққандар ма? Бұлкәсіби қарақшылардың ісі.

Президент бүлік кезінде арнайы дайындалған қылмыстық топтар жұмыс істегенін, ал олардың арасында болған бейбіт азаматтарды лаңкестер мен қарақшылардан бөліп алу керектігін айтты. Мұның күрделі жұмыс екендігін алға тартқан Тоқаев тергеу жұмыстары тыңғылықты жүргізілетіндігін айтып сендірді.

«Лаңкестердің мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқықтарын қорғауымыз керек. Қозғалған әрбір іске қатысты мұқият тергеу жасалуы керек деп айтқанмын. Адамдардың құқықтарын бұзғандар жазаға тартылады», – деді Президент.