Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады. Руслан Жақсылықов президентке ведомствоның 2023 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын баяндады. Сондай-ақ еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысына әскердің жауынгерлік дайындығына қатысты жаңа тәсілдер, оқу базасы мен полигондардың жай-күйі туралы мәлімет берді. Сонымен қатар мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау мәселесіне, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қару-жарағын, жаңғыртылған бронды техника мен байланыс құралдарын қоса алғанда, авиациялық техниканың жаңа үлгілерімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Өз кезегінде мемлекет басшысы БҰҰ аясында жүзеге асырылатын миссияларға қатысу үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті. Президент бейінді ведомствоның алдына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда бұл отандық қорғаныс бағытындағы кәсіпорындармен ықпалдастық жасауға, аумақтық қорғанысты және Арнайы операцияларға қатысатын күштерді дамыту, әскери-патриоттық жұмысты күшейтуге қатысты.