Іскерлік кеңес Қазақстан Президентінің қытай бизнесінің көшбасшыларымен екіжақты
кездесулеріне ұласты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысында карбамид өндіретін
зауыт құрылысының жобасын China National Petroleum Corporation директорлар
кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен талқылады.
Бұдан соң Мемлекет басшысы «жасыл» және зияткерлік технологияларды дамыту әлеуетін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнмен саралады. Айта кетейік, қаржы институты республикадағы ірі инфрақұрылымдық жобаларға 2 млрд доллардан астам инвестиция салды.
Қазақстан Президенті Huawei технологиялық компаниясының Директорлар
кеңесінің төрағасы Хуа Лянмен озық технологиялар мен цифрлық шешімдер
саласындағы өзара ынтымақтастық әлеуетін қарастырды. Компания елімізде сервер инфрақұрылымын
жаңғырту және инновациялық телекоммуникация технологияларын енгізуге мүдделік
танытып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Sany Group директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады. Сян Вэньбо корпорацияның Қазақстанда мамандандырылған техниканың жоғары технологиялық өндірісін құру жоспарымен бөлісті. Sany Group бүгінде қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасын әзірлеуге кірісті.
China Energy Engineering Group бас директоры Ни Чжэнь болса, Президентке Қазақстанның
солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерін салуды ұсынды.
Бұдан басқа, қытайлық компания дата-орталығын құру үшін инвестиция құюға
ниетті.
Ел Президенті Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясы Директорлар
кеңесінің төрағасы Шэнь Яньфэнмен Атом индустриясындағы серіктестік жөнінде
пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық CRRC директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцаймен
кездесуде Қазақстанда локомотивтер өндірісін жолға қою және сервистік
орталықтар құрудың маңыздылығын атап өтті.

