Елімізде қауіпті патогендерді заңсыз қолданғаны, өткізгені және ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту жазасы енгізілмек. Мұндай шаралар Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған биологиялық қауіпсіздік туралы жаңа заң жобасында көзделген. Құжатты мәжілісмендерге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой таныстырды. Жобаны іске асыруға ел қазынасынан 25 млрд теңге қарастырылған. Қаржы бейінді қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын, мемлекеттік зертханалық базаны қосымша жабдықтауды, биологиялық қауіпсіздік саласында бірыңғай ақпараттық жүйені құруды және микроорганизмдер коллекциясын ұстап тұру шығыстарын қамтиды. Жалпы ілеспе құжат нұсқасы 13 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекс пен 10 заңға түзетулер енгізуді қарастырады. Алексей Цой жаңа заң жобасы аясында елді қауіпті патогендерден және өнеркәсіптік микроорганизмдерден биологиялық қорғаудың тың әдістері мен ережелері туралы да атап өтті.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Оларды сақтау жолдары арнайы нормативтік-құқықтық актілермен бекітілетін болады. Оны ұйымдастыру сәтінен бастап тиісті шаралар, нысанның өзін қорғауға қажетті жағдайлар, температуралық талаптар, логистика, жеткізу ережелері сынды патологиялық агенттерді тікелей сақтау базасына алып жүру жолдары көрсетіледі. Ішкі істер министрлігі арқылы күзет ұйымдастырылады. Яғни барлық регламент нақты жазылады және әрбір қадам мен іс-қимыл алгоритмдері бекітіліп, оның ішінде нысандардың қауіпсіздігіне арналған нақты талаптар қойылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов