Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Синьхуа агенттігіне сұқбат берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Синьхуа агенттігіне көлемді сұқбат берді. Мемлекет басшысы аспан асты еліндегі көршімізбен ынтымақтастықты жоғары бағалай отырып, Қазақстан Қытаймен іскерлік қарым-қатынасты жандандыруға мүдделі екенін білдірді. Бұған негіз де жоқ емес. Өткен жылдың соңында Қытай Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың төрттігіне енді және 2023 жылы тікелей инвестицияға шамамен 2 миллиард доллар инвестициялады. Бұл 2022 жылға қарағанда 16 пайыздан астамға жоғары. Жалпы, Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 25 миллиард доллардан асқан.

 

«Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» атты ауқымды жобасын толығымен қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі интеграциялауға белсенді қатысуды жалғастыруға дайын. Жалпы, біз, Қытаймен көп қырлы қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдету үшін үлкен жоспарлар құрып жатқанымызды атап өткім келеді. Ол үшін барлық қажетті алғышарттар мен жағдайлар жасалған. Біздің өзара іс-қимылымыздың қазіргі жоғары өсу қарқынын ескере отырып, өзара тауар айналымын 100 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін орындау әбден мүмкін екеніне сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы Қытай төрағасының Астанаға мемлекеттік сапарының жемісті болатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, осы айдағы ең маңызды жиын ШЫҰ саммиті туралы сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев  аталған ұйым Астана саммитінен бастап толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істейтініне тоқталды. Ұйым қазірдің өзінде 150-ден астам іс-шараға мұрындық болған. «Саммиттің қорытынды шешімдерінде «Шанхай рухының» іргелі қағидаттары – өзара сенім, достық, өзара тиімділік және бір-бірінің мүдделерін ескеру толық қамтылады деп күтеміз», - деді Президент.