Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда Пан Ги Мунмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Боао Азия форумының төрағасы Пан Ги Мунмен кездесу өткізді. Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде БҰҰ-ның жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсерудегі рөлі талқыланды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық бастамаларына да тоқталды. Бас Ассамблеяның 79-шы сессиясы аясында Қазақстан Франциямен бірлесіп, One Water саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Астанада 2026 жылы Өңірлік климаттық саммит ұйымдастырылады. Өз кезегінде Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты және Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпір екенін де тілге тиек етті.

Қ.Тоқаев бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын дамыту мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Аспан асты еліне жұмыс сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді. Президент жиынға шақырғаны және шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қытай Халық Республикасының басшылығы мен Форум Хатшылығына алғыс айтты. Тараптар өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қазақ-қытай қарым-қатынастарын мүлде жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қытаймен арадағы достық пен ынтымақтастықты нығайту біз үшін негізгі басымдық саналады. Жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды дамыту мақсатында Үкіметтің барлық ведомствосын ҚХР-дың тиісті мемлекеттік ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге бағыттаймыз. Бүгін форумда сөйлеген сөзімде екі елдің ынтымақтастығына, сауда-саттықты өркендетуге, Қазақстан экономикасында Қытай инвестициясының артып келе жатқанына байланысты нақты мысалдар келтірдім. Әрине, мұның бәрі айрықша мәнге ие.

Чжао Лэцзи, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы:

-Қытай тарапы мемлекеттер басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды іске асыру, саяси сенімді нығайту және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету үшін қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.