Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Алдымен, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатқанын жеткізді. Соңғы 5 жылда жасалған  реформалар ауқымды. Экономиканы әртараптандыру серпін алды. Өңдеу өнеркәсібінде өсім мол. Президент осы қарқынды жоғалтпау керектігіне назар аударды. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажет, деген Қасым-Жомарт Тоқаев  нақты міндеттемелерді атады. Оның біріншісі, Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою. Мемлекет басшысы банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы үшін  «Банктер туралы» жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқав, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан, осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуі тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. 

Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту – еліміз үшін басым бағыт болып қала береді. Президент экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керектігін айтты. Өз кезегінде Үкімет халықаралық қаржы ұйымдары толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауы тиіс.