Түркі инвестициялық қоры халықаралық қаржы ұйымы мәртебесін алуы мүмкін. Ал оның құрылуы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Ең алдымен, ол экономикалық секторлардағы тұрақты өсуді қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл туралы Мәжілісте қаралып, депутаттар тиісті Келісімді ратификациялады. Заң жобасы Сенатқа жолданды. Құжат барлық тараптың құптауын талап етеді. Мамыр айының соңында бұл бастама Әзербайжан мемлекеті тарапынан қолдау тапты. Айта кетейік, бауырлас елдер арасындағы ортақ қор құру жайын аталған ел ұсынған еді. Өзге республикалар арасында әлі талқылануда. Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны АҚШ валютасында 500 млн-ды құрайтын аймақтық инвестициялық механизмді ұсынатын болады. Бұл ретте келісімде алдағы 4 жылда ел бюджетінен 70 миллион доллар бөлу қарастырылған. Заңның қабылдануы Қазақстанға экономиканың басым секторларындағы жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.