Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Ильхам Әлиев Ақтау маңында ұшақ апаты салдарынан іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша шұғыл әрекет еткені үшін алғыс айтты. Президенттер қайғылы оқиғаға байланысты бір-біріне көңіл айтып, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына сабыр тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапы ұшақ апатын жан-жақты және объективті түрде зерттеуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Қазақстан Президенті Владимир Путинмен де осы бағыттағы жұмысты талқылады. Президенттер Қазақстан және Ресей азаматтарының қаза табуына байланысты бір-біріне көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссия тергеу ісін Әзербайжан, Ресей және Бразилия елдерінің мамандарын тарта отырып жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы апатқа байланысты кеңес өткізді. Президент жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет еткеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азаматтарымыз алғашқы минуттан бастап зардап шеккендерге көмек қолын созды. Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті. Жұрт кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан елшілігі ғимаратына гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы еліміздің және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты мәлімет таратты. Құтқарушылардың, дәрігерлердің және волонтерлердің адал қызметіне күллі әлем куә болды. Әсіресе, көршілес әрі серіктес елдер – Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан азаматтары айрықша алғыс білдіріп жатыр.
Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беруді, қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тексеру қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдарға еліміздегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйін мұқият тексеруді тапсырды. Президент әзербайжандық Azal компаниясы ұшағының апатқа ұшырауынан зардап шеккендерді құтқару кезінде ерлік, кәсібилік көрсеткен қазақстандықтарды марапаттады. Атап айтқанда ТЖМ өкілдері, дәрігерлер, полицейлер, Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясының және Ақтау әуежайының қызметкерлері бар.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

