Қазақстан жыл басынан бері мұнай
және газ конденсатын өндіру көлемін 82,2 млн тоннаға дейін ұлғайтты, бұл өткен
жылмен салыстырғанда 8%-ке артық. 64 млн тоннадан астам мұнай және 5 млрд текше
метрден артық табиғи газ экспортталды. Отандық мұнай өңдеу зауыттары
қаңтар-қазан аралығында елімізде 11 млн тоннадан артық мұнай өнімдерін өндіріп,
жоспарды асыра орындады. Жыл қорытындысы бойынша 13 жарым млн тоннаға жуық
мұнай өнімдерін өндіру жоспарлануда. Энергетика министрлігі салаға қатысты жыл
қорытындысын жариялады.
Алмасадам Сатқалиев, ҚР Энергетика
министрі:
-Бүгінде 50 млн тоннадан астам
қазақстандық мұнай тасымалданып үлгерді. Баламалы бағыттарды дамыту
бағдарламасы аясында, атап айтқанда халықаралық көлік дәлізі арқылы
қазақстандық мұнайды «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыр жүйесі арқылы өткіздік. Оның
қуаттылығы жылына – 1,5 млн тонна. Әзербайжандық әріптестермен қазақстандық
мұнайды «Баку-Супса» мұнай құбыры арқылы тасымалдау мәселесін талқылап
жатырмыз.
Табиғи газдың қосымша көзіне Батыс-Қазақстан Облысындағы «Рожковское» кен орны айналады. Ол биыл пайдалануға берілді. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2023-і жылы «Оңтүстік Ақсай» мен «Шығыс Өріктау» кен орындары пайдалануға берілді. Геологиялық барлауға келер болсақ, инвестиция көлемі АҚШ валютасында 9 млрд құрайтын жер қойнауын пайдалану жөнінде 5 келісімшарт жасалды. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетикалық компаниясымен табиғи уранды жеткізу бойынша тарихтағы алғашқы келісімшарт, сондай-ақ Қытайдың энергетикалық компаниясымен табиғи уранды жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарт жасалды.