Қазақстан мен Мажарстан сауда және инвестициялық ынтымақтастықты арттырады. Еліміз отандық өнімнің экспортын 700 млн долларға ұлғайтуға және жеткізілетін тауарлардың ассортиментін әртараптандыруға дайын. Бұл туралы республика Премьер-Министрі әріптесі Виктор Орбанмен кездесуінде мәлімдеді. Әлихан Смайылов Мажарстан Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Инвестициялық ынтымақтастыққа келетін болсақ, бұл бағытта да үлкен перспективалар бар. Мажар елі 2005 жылдан бері Қазақстанға АҚШ валютасында 330 млн шамасында тікелей инвестиция салды. Тек соңғы 2 жылда 75 млн доллар қаражат тартылған. Бұл барлық инвестицияның жалпы көлемінің шамамен ширек бөлігін құрайды. Сонымен қатар тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын, атап айтқанда жаңартылатын көздерді дамытуды, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелерін де қарастырды. Сондай-ақ транзиттік-көлік саласындағы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын Трансеуропалық көлік желісімен байланыстыру жөніндегі қадамдар да назарсыз қалмады. Өз кезегінде Виктор Орбан қазіргі басты міндет флагмандық жобаларды анықтау екенін атап өтті. Олар серіктестікті нығайтып, бұдан да көп компанияларды ынтымақтастыққа тартады.