Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте «цифрлық көшпенділермен» кездесу өткізді. Digital Nomads бүгінде шетелде тұратын және әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істейтін қазақстандық IT-мамандардың басын біріктіреді. Бейресми кездесуде қатысушылар Қазақстандағы IT-саласының даму келешегі мен әлемдік трендтерді талқылады. Президент «әділетті Қазақстанды құру» дарынды жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Өз кезегінде жастар отандық IT-саланы одан әрі дамыту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Актөре Бекет, Amazon компаниясының бағдарламалық инженері:
– Диджитал номадс тобының ойында жүрген бір идея ол - спорттық бағдарламалау. Қазіргі таңда диджитал номадста жүздеген адам жұмыс істейді және олардың барлығы жастар. Олар гугл, эппл, амазон, тесла сында үлкен компанияларда жақсы лауазымдарда. Талантты жастар екенін анық айта аламын. Біз қазақстандық таланттардың пулын құру керекпіз. Осылайша дарынды жастарды көбірек өзімізге тартамыз.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
– Олар Қазақстандағы IT-мамандықтары бойынша білім алушыларға көмектесіп, тәлімгерлік етеді. Сондай-ақ, олар күрделі технологиялық әдебиетті қазақ тіліне аудару үшін жұмыс істеп жатыр. Себебі бүгінде қазақ тіліндегі технологиялық әдебиет жеткіліксіз. Үшіншіден, олар спорттық бағдарламалауды дамытуға тікелей көмектеседі.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Digital Nomads өкілдеріне табыс тілеп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.