Энергетика министрлігі 2025 жылға қарай елде газ тапшылығы болатынын болжады

Қазақстанда 2025 жылға қарай газ тапшылығы орын алуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында еліміздің Энергетика министрі хабарлады. Болат Ақшолақовтың айтуынша, Республикада көгілдір отынды тұтыну көлемі жыл сайын орта есеппен 7 процентке артып келеді. Мұны 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі статистикалық деректер дәлелдейді. Аталған кезеңде газды пайдалану бірден 35 процентке, нақтыласақ 13-тен 18 жарым миллиард текше метрге дейін өскен. Сала басшысы біздің еліміз газ қоры бойынша ТМД елдері арасында Ресей мен Түркіменстаннан кейін үшінші орынға ие болғанына қарамастан, бағаны тежеу саясаты осы саланың дамуына кедергі келтіретінін атап өтті. Болат Ақшолақовтың айтуынша, еліміздегі көгілдір отынның қолданыстағы бағасы әлем бойынша ең төмен бағалардың бірі болып саналады. Ал бұл, болашақта елдің импорттық ресурстарға тәуелді болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Министрлік Үкіметке 2024 жылға дейін жер қойнауын пайдаланушылардан сатып алу бағаларын тоқтату жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл шара елдің әлеуметтік осал азаматтары үшін тауарлық газға шекті көтерме сауда бағаларын тежеп тұруға ықпал ететін болады. Ұлттық оператордың қаржылық тұрақтылығын қолдау үшін көтерме сауда бағаларын кезең-кезеңімен көтеруді ескере отырып, ұзақ мерзімді бағалық және тарифтік саясат қажет. Осыған байланысты, министрлік «ҚазақГазбен» бірлесіп тұтынушылардың жаңа санаттарын: ірі коммерциялық тұтынушылар мен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларды заңнамалық тұрғыда енгізу бойынша мәселені пысықтауда.

Министр аталған шара ұлттық оператордың қосымша шығындарын шоғырландырмай, халық үшін, оның ішінде әлеуметтік осал топтар мен әлеуметтік маңызы бар өнеркәсіптік тұтынушылар үшін бағаны тежеп тұруға мүмкіндік береді дейді.

 

Автор: Ақзер Сегізбай