Сенат проблемалы несиелерге қатысты құжатты қабылдады

Қаржы ұйымдары қарыз есебінен өндіріп алған мүлікті теңгерімде ұстаудың шекті мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс. Яғни,  несие қарыздары банк меншігінде тұралап қалмау керек. Бұл стрестік активтердің экономикалық айналымға жедел тартылуын ынталандырмақ. Сенат осыны көздейтін жаңа заң жобасын қабылдады. Сондай-ақ, құжат аясында стрестік активтерді жеке инвесторларға сату құқығы беріледі. Бұл тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіп иелерінің қарызына қатысты. Мұндай несиелерді басқаруға қатысты қызметтерді жаңадан құрылатын сервистік компаниялар институы жүзеге асырады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік түрде басқарады, өндіріп алудың жеке стратегиясын әзірлейтін болады және стрестік активтердің иелеріне басқа да қызметтер көрсетеді. Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы сияқты жоғары талаптар белгіленетін болады. Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Бұл қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл орайда айта кетерлік жайт, жыл басында стрестік активтер көлемі 2,3 триллион теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6% құрады. Жалпы соңғы 5 жылда 6,7 триллион теңге болатын стрестік активтер есептен шығарылды. Осы уақыт аралығында төлемге қабілетсіз 8 банктің лицензиясы қайтарып алынған.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов