Өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23% жоғары болды.
Қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегіне сүйенсек, отандық автоөндірісте ешқандай іркіліс болған жоқ. Дегенмен әлем елдері қажетті бөлшектер жеткізілімі бойынша бірқатар кедергілерге тап келгені рас. Соған қарамастан жыл басынан бері республикада 799 миллиард теңгеден астам сомаға көлік шығарылды. Бұған қоса 2022 жылдың соңына қарай тағы өзге көлік құралдары пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ауқымы кем дегенде 7% шамасында болды. Әзірге бұл тек болжам. Ал бірінші кезекте әрине жеңіл автокөліктер өндірісі тұр. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 30% артқан. Барлығы 71 мың көлік иесін тапты. Негізінен автоөндірістің ауқымды үлесін Қостанай облысы беріп отыр. Аймақта жыл басынан бері 48 мың дана жеңіл, жүк көлігі мен автобус құрастырылды. Ал Алматы қаласындағы зауытта 26 мың көлік жасалып, иесіне табысталған. Семей қаласында - 1600 көлік құрастырылса, Көкшетау 900 шақты жүк көлігін сатылымға шығарды.