Ұлыбританияда тұрып жатқан қандастарымыз қазақ тілін онлайн үйреніп жүр. «Otandastar Qory» ұйымдастырған курс қатысушылары тіл меңгеріп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрлер және мәдениетімізбен сусындайды. Бүгінде тыңдаушылар саны 60-қа жуық.
Ләззат Бисенбаева, мұғалім:
- Дүниежүзінің әр жеріндегі барлық қазақты қамтып отырған курс. Қазіргі кезде Англия, Моңғолия, Өзбекстан, Әзірбайжан, әсіресе Түркиядан тіл үйреніп жүрген қандастарымыз көп.
Курс тыңдаушыларының бірі – британиялық қазақтардың басын біріктіретін қауымдастық төрағасы Әбдісәлім Саваш. Оның әке-шешесі зұлмат жылдары Алтай өңірлерінен Түркияға көшіп кеткен. Ал өзі 25 жасында Түркиядан Ұлыбританияға қоныс аударған. Алпысты алқымдаған ақсақалдың 5 баласы бар. Бүгін жақындарымен бірге ұмытқанын жаңғыртып, тіл үйреніп жатыр.
Әбдісәлім Саваш, Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының төрағасы:
- Біздің қазақшамыз – әке-шешемізден құлағымызда қалған шала қазақша. Қазақ сөздерін үйреніп, дамып келе жатырмыз. Құдайға шүкір, қазір қазақшамыз жаман емес. Енді мына коронавирус бітсе, ИншАлла, бәріміз осы демалыс күндері жастарды жинап, интернет арқылы байланысып, балаларды қызықтырып, тілді үйретуге тырысамыз.
Дәулет Есеналиев, мұнай компаниясының инженері:
- Арыс қаласының тумасымын. Лондонда 2010 жылдан бері тұрамыз. Жұбайым екеуіміз осында мұнай-газ саласында жұмыс істейміз. Өзіміз сыртта жүрсек те, ана тілімізде сөйлесеміз. Жұмыс ағылшын тілінде жүреді, сондықтан көп сөйлеспеген соң ұмыта бастайсың.
Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының мүшелері алдағы уақытта домбыра тартуды да онлайн үйренуді көздеп отыр. Осылайша елден жырақта жүрген қандастарымыздың ұлттық дүниетаным шеңбері кеңейе түседі деген зор сенім бар.