Ұлы дала мәдениетіне деген қызығушылық бір топ АҚШ студентін
көшпенді өркениеттің мұрагері - Қазақстан жеріне жетеледі. Шежірелі елді танып-білуге
құштар америкалықтың бірі - Мейсон Молтби. Оның ынтасын Ұлы Абайдың
шығармашылығы оятқан. Ол қазақ әдебиетін түпнұсқада оқу үшін қазақ тілін
үйренуге бел буған.
Мейсон Молтби, Аризона университетінің студенті /АҚШ/
- АҚШ-та Қазақстан немесе Орталық Азия өңрі жайында көбі
біле бермейді. Сондықтан мен қазақ тілін терең үйренуге бел будым. Мен аймақтың
бай әдеби мұраларын түпнұсқадан тәржімалайтын әдеби аудармашы болғым келеді. Меніңше,
егер Батыстың адамдары Қазақстан мен Қырғызстан сынды елдердің әдебиетін
көбірек оқитын болса, осы елдермен олардың мәдениеті жөнінде кеңірек танып
білуге құлшынысы оянарына сенімдімін.
Тіл мәдениет құралы деп білетін Хуан Валенсуэлла да қазақша
сөйлеуге ниетті. Алғашқы сабақтан-ақ өзіне жат тілді жетік меңгеруге құлшынысы
зор екені байқалады.
Хуан Валенсуэлла, Аризона университетінің студенті /АҚШ/
- Мен қазақша өте баяу сөлеймін. Мен Америкада Оризонада
Тусон қаласында тұрамын. Мен Хуанмын. Мен студентпін.
Аризона университетінің студенттеріне арналған оқу
бағдарламасын ЕҰУ оқытушылары әзірледі. Шетелдік тәлімалушылардың сұранысы
бойынша оқу мазмұны елтану бағытында құрылған. Курс оқытушысы - Айжан
Майбалаева 11 студенттің барлығының да талпынысын жоғары бағалайды. Олар тіпті қосымша сабақтар өткізуді сұрайды екен.
Айжан Майбалаева, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:
- Біздің бағдарлама Қазақстанның тыныс-тіршілігімен
таныстыруға бағытталған. Сабақтарда Қазақстан жайында баяндайтын мәтіндік
мәліметтермен жұмыс жасаймыз. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан
үзінділерді талдаймыз. Менің тобым Абайдың қара сөздерімен танысып жатыр.
Мазмұнды оқыту әдістемесі тек академиялық жүктемені ғана
емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетті
зерделеуге арналған аудиториядан тыс сабақтарды да қамтиды. Елорда мен елдің
көрікті жерлеріне танымдық саяхаттар жасалады.
Аризоналық студенттер Ұлттық музейді аралап, Қазақстанның
тамыры терең тартқан бай тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты.
Ұлттық тағамдардан дәм татты.
Брайн Белаковский, Аризона университетінің студенті /АҚШ/
- Астанада жүргелі талай қызықтың куәгері болдым. Бұл жердің Америка мәдениетінен айрымашылығы
көп екенін байқадым. Әрбір халықтың мәдениеті өзінің бірегей құндылықтарымен тартымды. Мәселен, мұндағы ұлттық
асхана Америкадағы тағамдардан әлдеқайда пайдалырақ. Қазақтың дәстүрлі ет
табағынан дәм татып көрдім. Өте ұнады. Бұрынғы кеңестік тарих пен Азия және Түрік мәдениеті сабақтасып жатыр.
Осындай терең үндестік нәтижесінде қалыптасқан мәдениет маған қатты ұнады.
АҚШ студенттері 6 апталық оқу бағдарламасы қазыналы елдің бай тарихы мен мәдениеті және бүгінгі тыныс-тіршілігін толыққанды тануға тым аз екенін түсінеді. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстанға келу сәті түсе қалса, қалт жібермейміз дейді.