Биыл Астанадағы 3-ЖЭО құрылысы аяқталады. Қазір ондағы жұмыс 90% орындалған. Барлық 4 қазандықты кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған. Бұл елордадағы жылу қуатын қосымша 440 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс басында болған Премьер-Министр маңызды нысанды уақтылы қолданысқа беруді тапсырды. Әлихан Смайылов қаланы шамамен 350 Гкал/сағат көлемінде қосымша жылумен қамтамасыз ететін «Тұран» газ жылу стансасының құрылысымен де танысты. Кейін үкімет басшысы жалпы сол жағалау аймағын қосымша жылумен қамтуы тиіс «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасының құрылысы жоспар бойынша жүріп жатқанына көз жеткізді. Жаңадан бой түзеген нысанның басты артықшылығы – көгілдір отынды үнемді тұтынуға мүмкіндік беретін шағын қазандықтар. Табиғи газбен қатар, олар дизельмен жұмыс істеуге арналған. Алдағы жылыту маусымында іске қосылатын екі қазандық бас шаһарды 1100 Гкал/сағат жылумен қамтуға қауқарлы болмақ. Бұл бағыттағы шаруа келер жылыда жалғасып қосымша газ қазандықтарын енгізу жоспарланып отыр.