Астанада «Қымызмұрындық» фестивалі өтті

Астанада «Қымызмұрындық» фестивалі өтті

Қазақстанда көктемнің алғашқы қымыз мерекесі - Қымызмұрындық өтті. Ұлттық дәстүр мен сусынды насихаттауға бағытталған шараға еліміздің он өңірінен қымыз өндірушілер жиналды. Олар фестивальге қатысушыларға өздерінің алғашқы қымызынан дәм таттыру үшін Астанаға келген. Мұнда ұлттық сусынымыздың бірнеше түрі ұсынылған. Әр өндірушінің қымызды дайындау бойынша бірегей  әдісі бар.


Анар Құрманова, Жаңаарқа қымызын өндіруші:


- «Құрамында отыз жеті дәрумен бар. Өкпе ауруының бірден бір емі. Қандағы гемоглобин мөлшерін көбейтеді. Ағзамыз үшін өте пайдалы сусын. Қымыздың басты құндылығы осы. Жаңа сауылған соң көбігін ішу керек, өйткені барлық дәрумен көбігінде. Ұзақ сақталған сайын құнарлана түседі». 


Жұмажан Қалтаев, ұйымдастырушы:


- «Қымызмұрындық - қазақ халқының басты мерекелерінің бірі. Бұл жылқы құлындап, қымыз көбейген кезде, халық жайлауға шыққан кезде тойланатын болған. Бір-бірін қонаққа шақырып, қонақжайлығын, бауырмашылдығын көрсететін Наурыз, Сабантой сияқты басты тойлардың бірі».


Мерекеге жиналғандар тек қымыз ғана емес, сонымен қатар шоколадтағы құрт пен шипалы сусыннан жасалған балмұздақтың дәмін татты. Ұйымдастырушылар шараның басты мақсаты ұлттық сусынның ағза мен денсаулыққа пайдасын насихаттау дейді. Қымызмұрындық - бірқатар шараның бастауы. Соның бірі – жазда өтетін ауқымды BaiQymyz гастрономиялық фестивалі. Ол шілде айында Астанада өтеді. Оған Қазақстанның ең үздік қымыз өндірушілері мен жылқы өсіретін фермерлер жиналады. Мұнда үздік ұлттық тағамдар ұсынылады.


Әйгерім Мұсағажинова этнограф:

- «Қымызды Қазақстанның барлық өңірінен алып келеміз. Бүкіл республика қатысады десек те болады. Сондықтан қазір этно және гастротуризмді дамытып жатырмыз. Қазақ қымызының дәмін тату үшін Франция, Италия, Германия, Австралия елдерінен арнайы келгенін қалаймыз. Өйткені біздің өнім – ұлы даланың ұлы қазынасы». 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?