Қазақстанда Astana Hub және Инновациялық технологиялар паркі біріктіріледі. Ел Мәжілісі осыны көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Яғни, экожүйенің тиімділігін арттыру үшін олардың инновациялық қызметі бір жерге шоғырландырылады. Құжатта осы саладағы барлық тың бастамалар бірнеше бағыт бойынша жүйеленген. Сонымен қатар, біріккен ұйымды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Бұл ретте отандық венчурлық нарықты дамыту мен қаржы көздерін бағалауға басымдық беріледі. Бастысы жаңа құрылымның тәжірибесін еліміздің өзге де инновациялық салаларына ендіру көзделген. Бұл ретте ұлттық инновациялық жүйені дамытатын бірыңғай цифрлық платформа жасақталады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Оның мақсаты мемлекеттік қолдаудың барлық шараларына қолжетімділікті орталықтандыру. Яғни, ғылым, бизнес, инноваторлар және мемлекетті бір цифрлық алаңда біріктіру болып табылады. Бүгінгі таңда ғалымдар базасы, мақалалар, аккредиттеу, Ғылыми зерттеу институтттарының паспорттары және гранттар туралы ақпарат бар ғылыми портал жеке іске асырылды. Осылайша, бұл бастама инновациялық жобаның бүкіл өмірлік циклін қамтитын «Бір терезе» болмақ.
Astana Hub-тың 500-ге жуық резиденті құны $480 млн экспорттық өнім өндіреді
Сала басшысы халықаралық нарыққа шыққан иннновациялық жобаларға да тоқталды. Айтуынша, қазірдің өзінде Astana Hub-тың 500-ге жуық резиденті жалпы құны 480 млн доллар болатын экспорттық өнім өндіреді. Бұл қатарда мәтіндік сұраныс бойынша бейнелер жасайтын жасанды интеллект моделі бар. Кремний алқабынан 16 млн доллар инвестиция тартқан отандық стартап OPEN AI және Google сияқты технологиялық алпауыттардың өнімдеріне тікелей бәсекелес. CodiPlay – EdTech саласындағы әлем бойынша 600 мектепті қамтыған қазақстандық бастама БҰҰ-ның сыйлығын алды. Блокчейнмен басқарылатын смарт-тақталар жобасы да Түркия мен Таяу Шығыс нарықтарына шықты.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

