Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Әзербайжан Республикасы мен Армения
Республикасы арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің Сыртқы
істер министрлерінің келіссөзін өткізу туралы өзара келісімге келгенін құптады.
Еске салайық, бұндай ұсынысты Қазақстан
тарапы жасады. Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде бұл маңызды шараның Алматыда
ұйымдастырылуының символдық мәні бар екенін атап өтті. Өйткені 1991 жылы
желтоқсан айында ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз қалаған және
мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекіткен тарихи құжатқа – Алматы
декларациясына қол қойылған еді. Президенттің пікірінше, алдағы кездесу
әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада
Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақ мерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді.