ШЫҰ: қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл

ШЫҰ: қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл

Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі әлемде маңыздылығы артып келеді. Жаһандық және өңірлік қауіп-қатерлер оның мәртебесін еселей түсті. Осы орайда ұйым елдері әркез осы түйткілді мәселелердің шешімін іздеп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрақтылықты сақтап қалу мақсатында байланысты нығайту үстінде. Саясаттанушы Ескендір Ақылбаевтың айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен Қазақстан да осы жұмысты басты назарға алды. Оның ішінде киберқылмыс, есірткі айналымы және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті жолға қойды.

Осылайша, Ауғанстанға қолдау мен оны өңір экономикасына интеграциялаудың маңыздылығы да жоғарылады. Қазақстан болса, ауған халқына көмектесу мақсатында халықаралық бастамалардың басын біріктіру үшін үлкен жұмыс атқарып келеді. 

Ескендір Ақылбаев, саясаттанушы:

– Ауғанстандағы дағдарыс – барлығымыздың ортақ мәселеміз. Ол тек Қазақстанға ғана емес, Үндістан, Қытай, Пәкістан мен Иранға да тікелей әсер етеді. Менің ойымша, еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық аясында ұсынған «Әділетті әлем мен келісім үшін әлемдік бірігу» бастамасы мен Астана декларациясы – негізгі аспекттердің бірі. Біздің еліміз халықаралық аренадағы белді ойыншы ретінде көпжақты әрі конструктивті диалогты барлық тарапқа ұсынып, өңірлік және халықаралық деңгейде де түйткілді мәселелердің шешімін табуға тырысып келеді. Сондай бір маңызды тұстардың бірі – сепаратизм, терроризм және экстремизмге қарсы күресу үшін әріптестік бағдарламасы. Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымының есірткіге қарсы стратегиясы да аса маңызды. Ол 2025 пен 2029 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Бұл зұлматтан барлық қоғам зардап шегеді, әрине, дегенмен, өскелең ұрпаққа қаупі ерекше.